Өскемен: Көшелер тым-тырыс (фоторепортаж)
Сенбі-жексенбі күндері Өскеменнің ішінде жекеменшік көліктердің жүруіне тыйым салынған. Тек әлеуметтік маңызы бар қызмет көліктері мен халық тіршілігін қамтамасыз ететіндерге арнайы рұқсат қағазы беріледі.
«Аққу ұшып, қаздары қонып» дегендей, көлігі көшеге сыймай, базары қайнап жататын әдеттегі Өскемен бүгін тым-тырыс. «Өлі тыныштық» деуші ме еді мұндайды. Жооқ өлі емес, бұл бір тірі тыныштық . Әлемді әбігерге салып жатқан тәжтажалдан тірі қалу ғой мақсатымыз. Сол үшін үймізге тығылып отырмыз. Індетті жеңудің жалғыз жол сол ғана.
Мынау Ушанов алаңының айналасы. Азан-қазан болып жататын жер еді ғой. Көшеде автобустар ғана қалыпты. Оның өзі азайып қалған, азаймай қайтсін, аялдамаларда адам жоқ. Көшедегі бірді-екілі кісі әр қадамдарын аңдап басып жүр. Қолдарында резеңке перчатка, беттерінде маска.
Дамылсыз даңғыл - Назарбаевты қараңыз. Күні-түні бір тоқтамайтын көлік ағынын бейнебір көзге көрінбейтін кран арқылы жауып қойғандай. Әлгі Американың адамзат атаулы құрып кететін ақырзаман туралы кинолары бар еді ғой. «Я Легенда» фильмінде жүргендей болып айналаңа көз салсаңыз болады. Бір жағынан Өскемендіктерге обал-ақ. Қалың қар, аяз, боран онсыз да алты ай бойы үйлерінен шықпайды емес пе. Енді көктем келді-ау, қылтиып жерге көк шықты дегенде тағы міне. Карантин. Құмырсқаның илеуі құсап тұратын «Спорт сарайы» аялдамасының күндізгі уақыттағы түрі осы. Көшеде тек полиция қызметкерлері жүр. Бұл бір жағынан өскемендіктердің жауапкершілігінің жоғарылығын көрсетеді. «Шықпа» деген соң үйлерінен шықпай отыр.
Өскеменнің ішкі аудандары Ертіс-Үлбі екі өзен арқылы бөлінетіндіктен, полициейлер көпірлерді қатаң бақылауға алыпты. Арыөткен-беріөткеннің бәрі тексеріліп жатыр. Мынау әлемдік пандемияның ауыр жүгі бүкіл әлем бойынша осы полицейлер мен дәрігерлердің иығына түсіп жатыр ғой. Сондықтан осы екі мамандық иелерінің жұмыстарына үлкен түсіністік, шыдамдылық танытуымыз керек шығар.
Танысып қойыңыздар полицияның аға лейтенанты Д. Шакеров. Үлбі көпірінің үстіндегі тәртіпке жауап беріп тұр. Айтуынша, халық төтенше жағдай кезіндегі барлық ережелерге түсіністікпен қарауда.
-Бұлқан-талқан болып жатқан бірді-екілі жүргізушілер әрине кездеседі. Оларға жалпыға ортақ тәртіпті айтып, ескертіп, түсіндіріп қана жатырмыз әзірге. Айыппұл салынып жатқан жоқ. 6 сәуір, яғни дүйсенбіден бастап талап күшейеді,-деді тәртіп сақшысы.
Әуезов пен Жеңіс даңғылдары да «демалып» жатыр. Көше бойындағы қаптаған сауда нысандарының есіктерінде қара құлып. KFС сататын атамыздың суретіне бұрын мән беріп қарамаппын. Түрі көңілсіз сияқты болып көрінді. Әлде бұрыннан сондай ма еді? Оңай емес қой иә, талайдың бизнесі тұралап тұр.
Айтпақшы, көліктеріне рұқсат қағаз ала алмай жатқан өскемендік кәсіпкерлер Чехов көшесінің бойында ұзын-сонар кезекте тұр. Бұлар көбінесе қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған дүкеншілер, наубайхана, көкөніс сататын және жеткізетін адамдар.
- Таңертеңнен бері тұрмыз. Кезек қозғалатын емес. Бұл жер вирустың ошағына айналып кетіп жүрмесе игі, адам тым көп, -дейді Мерхат есімді жігіт.
ШҚО ПД басшысының орынбасары Елдос Закимов Өскемен мен Семей қалаларындағы көлік қозғалысын шектеу әрекеттеріне қатысты ресми мәлімдеме жасаған болатын
«Сенбі және жексенбі күндері Семей мен Өскемен қалаларында жекеменшік көлікпен қозғалуға тиым салынады. Ал дүйсенбіден бастап 6 сәуір – жұп, 7 сәуір – тақ нөмірлі көліктер ғана жүре алады. Сенбі және жексенбі күндері жекеменшік көліктермен жүруге тиым салынған»,-деген болатын Елдос Закимов.