Катонқарағай ауданында тұрғындарға рұқсат қағазы берілді
Қазақстанда карантин режимінің орнауына байланысты Катонқарағай ауданында шектеу шаралары енгізілген еді. Аудан орталығы Үлкен Нарында тұрғындар көшеге маскамен және рұқсат қағазы арқылы шығатын болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Рұқсат қағазы жұп және тақ күндері бойынша беріледі. Демалыс пен мейрам күндері және сағат кешкі сағат 21.00-ден таңғы 5.00-ге дейінгі уақыт аралығында жеке көлікпен жүруге тыйым салынады. Бұл уақыттарда арнайы рұқсат қағазы бар жеке көліктерге немесе қызметтік көліктерге жүруге рұқсат етілген. Аудан және қала арасында ауылдық округ әкімдігінен алынған анықтама арқылы ғана жүруге болады. Ол анықтамада нақты бағыты, мақсаты және көліктегі адам саны мен олардың аты-жөні көрсетіледі. Сондай-ақ, көліктегі адам саны үштен аспауы керек. Мұндай анықтама бір күнге ғана беріледі. Ал мемлекеттік органдар мен мекемелердің жұмысшылары қызметтік куәлік немесе жұмыс орнынан алынған анықтама арқылы жүре алады.