KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Кәсіпкерлер үш түрлі маска тігіп шығаруда – Жарма ауданы

18.03.2020, 10:48 152

 

Қалбатау ауылында «Бастау Бизнес» жобасының түлектері медициналық маска тіге бастады. Кәсіпкерлер палатасы Жарма аудандық филиалының директоры Дастан Мұқаев жас бизнесмендердің бұл іске кірісуіне дәріханаларда маскалардың жетіспеуі себеп болғанын айтады.

– Елде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, вирустан қорғайтын құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі байқалды. Осыған орай, кәсіпкерлер палатасының мамандары ақылдаса келе, жеке кәсіпкерлерге ұсыныс айттық. Қазіргі уақытта бес кәсіпкер бетперде тігуді қолға алды. Олардың төртеуі «Бастау Бизнес» жобасын тәмамдаған көпбалалы аналар мен 29 жасқа дейінгі жастар, – деді Дастан Мұқаев.

«Бастау Бизнес» жобасының түлектерінің бірі – көпбалалы ана Матықан Қойшан. Ол жоба аясында 505 мың теңге грант алып, Қалбатау ауылында тігінхана ашқан.

– Тігіншілікті жас кезімде оқығанмын. Өзімнің сүйіп істейтін кәсібім. Былтыр жеке бизнес бастауға мүмкіндік алдым. Осы аралықта нешелеген адамға құрақ құрап, көрпе тіктім. Қыздардың жасауын дайындадым. Басқа да тапсырыстарды орындадым дегендей... Қазір, сұранысқа байланысты, бетперде тігіп жатқан жайым бар. Күніне масканың екі түрінен 100 шақты данасын шығарып үлгереді екенмін. Бір адамға осы жетеді, – деді тігінші. Айтуынша, масканың бағасы 150 және 200 теңгеден.

Ал маска тігуді қолға алған, аталмыш жоба түлектерінен бөлек кәсіпкер – Анаргүл Қизат. Оның да тігінханасы аудан орталығында. Тігінханада Бұлбұл Разыханқызы екеуі жұмыс істейді.

– Біз үш түрлі маска тігіп жатырмыз. Мақтақағаз кездеме (хлопчатобумажная ткань), дәке және мата. Бағалары 100, 150 және 200 теңгеден. Тапсырыстар көбіне мекемелерден түсіп жатыр. Мәселен, бүгін балабақша мен әскери бөлімше қызметкерлері 40-50-ден алып кетті. Түс ауғанша барлығы 150-дей маска дайындадық. Кешке дейін де 50 шақты тігу жоспарда бар, – деген ол маска тігу ісін төтенше жағдай режимі алынғанға дейін жалғастыратындарын айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу