Сайрагүл Сауытбайға «Халықаралық батыр әйелдер» сыйлығы берілді
АҚШ мемлекеттік департаментінің «Батыр әйелдер» халықаралық сыйлығы (Annual International Women of Courage) этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға берілді.
Сайрагүл Сауытбайға аталмыш сыйлық Шыңжаңдағы мұсылмандарға істеліп жатқан қысымды ашық айтқаны үшін берілген.
«Сайрагүл Сауытбайға бас иеміз. Ол бұрын дәрігер болған. Ол шындықты айтқаны үшін отбасынан ажырап, қамалып, қысым көрді, өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Ол – Қытайдың Коммунистік партиясының Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарсы қысымы жайлы ашық айтқандардың бірі. Сайрагүл Сауытбай қорықпай Шыңжаң лагерьлері туралы ақпараттарды айтты және қазір де лагерьде қамалып шыққандар мен олардың туыстарына қамауда көргендерін ашық айтуға жігерлендіріп жүр» – деді Сауытбайға сыйлық табыстаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео», – деп жазды Азаттық Радиосы.
Qamshy.kz сайтының анықтамасына сүйенсек, Сайрагүл Сауытбай Қытайдағы Іле қазақ автономиясында дүниеге келген. Кейін медициналық университетті аяқтаған соң дәрігер, мұғалім, білім беру саласында директор болып қызмет атқарған. 2016 жылы Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Қазақстанға көшкісі келеді. Бірақ Қытайдың коммунистік партиясы Сайрагүл Сауытбайдың құжаттарын тартып алып, өзін Қазақстанға жібермей қойған. 2017 жылғы қарашадан 2018 жылғы наурызға дейін Сайрагүл Сауытбай лагерьде тұтқындалған этникалық ұлттарға қытай тілін үйретуге мәжбүр болды. 2018 жылдың наурыз айында Сайрагүл Сауытбай Қазақстанға қашып кетеді. Кейін ол Қытайдың мұсылмандарға жасаған репрессиясының құрбаны болғанын мәлімдейді. Ол Қытайдың мұсылмандарға қысым жасағанын алғашқылардың бірі болып дәлелдейді. Сайрагүл Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған соң, былтыр 3 маусымда отбасымен бірге Швецияға кеткен.
Айта кету керек, бұдан бұрын 2018 жылы бұл сыйлықты адвокат Айман Омарова иеленген болатын. Ол әйелдер мен балаларға көрсетілген қысым және түрмедегі қысым жайындағы істерде қорғаушы болған.