ШҚО-да 43 мектептің директоры жоқ
Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерге мұғалім жетіспей жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Аймақ көлемінде 267 пән мұғалімінің орны бос тұр. Оның ішінде ауыл мектептеріне 151 маман қажет. Сондай-ақ Өскемен және Риддер қаласында, Ұлан, Тарбағатай, Аягөз, Катонқарағай, Көкпекті аудандарында кадр тапшылығы айтарлықтай байқалады. Әсіресе ағылшын тілі мен математика пәнінің және бастауыш сынып мұғалімдері жетіспей жатыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Облыс көлемінде жыл сайын 2000 түлек педагог мамандығымен оқу тәмамдайды. Осының төрттен бір бөлігі ғана жұмысқа орналасады.
– Жастардың мұғалім болуға қызығушылығы азайды. Оған басты себеп – тұрғын үй мәселесінің шешілмеуі. Сондай-ақ облыс көлемінде 43 мектептің директоры жоқ. Олардың орнында директордың міндетін атқарушылар отыр, – дейді Білім басқармасының басшысы.