Семейді су басу қаупі сейілді
Семей қаласының маңындағы елді мекендерді су басу қаупі сейілді. Ертістегі судың деңгейі төмендеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– 15 қаңтардағы жағдай бойынша судың деңгейі 428 сантиметр болды. Яғни бір тәулік ішінде 45 сантиметрге төмендеді, – деп мәлімдеді ШҚО жұмылдыру дайындығы басқармасы.
Еске сала кетейік, Ертіс өзенінің арнасын мұз құрсап, су деңгейі айтарлықтай көтерілген болатын. Осыған байланысты жақын маңдағы ауылдарға су басу қауіпі төнген еді.
– Екі отбасыны көшіруге тура келді. Өйткені су олардың баспанасына апаратын жолға дейін шығып кетті. Қазір қауіп жоқ. Тұрғындар үйлеріне қайта оралады, – деп жазды Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов Instagram желісіндегі парақшасында.