Өскеменде су басу қаупі жоғары 954 үй бар
Өскеменде су басу қаупі жоғары 954 тұрғын үй бар. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Осыған байланысты Өскемен қаласының әкімдігі жергілікті төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе қауіпті аймақтардағы су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шаралардың тиімділігін бағалауға, сондай-ақ, осыған дейін атқарылған амалдардың жай-күйін тексеруге бағытталған жұмыстарды бастады», – делінген департамент мәлімдемесінде.
Белгілі болғандай, былтырдан бері Үлбі өзенінің жағалауында орналасқан Ескі Согра ауданының тұрғын үйлерін қарғын судан қорғауға бағытталған бірқатар іс-шара қолға алынған. Оның ішіндегі ең сүбелісі деп Степное ауылының маңынан ағып өтетін Үлбі өзенінің арнасын түзулеу жобасын айтуға болар. Былтыр күзде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020-2021» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жобаға 650,6 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлінген екен. Осының арқасында Ескі Соградағы Гражданская, Городская, Кутяков, Агрономичкая, Депутаттар, Куба, Өзбек, Рахман, Сібір, Үлбі, Согра, Бортников көшелерінің 270 тұрғын үйіне төнетін қауіп сейілді. Бұған дейін бірнеше жыл бойы дәл осы көшелердің тұрғындары қызыл судан ерекше зардап шеккенін еске салған жөн.
Айта кетейік, қазір қалада жедел штаб құрылып, су басу қаупі бар аудандардағы жағдайды күнделікті бақылауда ұстауда. Сондай-ақ, шаһардағы мердігер ұйымдардың күшімен су арналарын мұз қалдықтарымен мен қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бүгінде қаладағы топырақтың қату тереңдігі 69 сантиметрге дейін жеткен.