Сограға сырғанаққа кеткен балаларды полиция түнімен іздеді
5 қаңтарда түн ортасы ауып бара жатқан уақытта облыс орталығының 40 жастағы тұрғыны Өскемен полиция бөлімшесіне қоңырау шалып, кәмелетке толмаған екі баласын іздеуге көмектесу туралы өтінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Әйелдің айтуынша, ол жұмыста болған кезде балалары жоғалып кеткен. Олар күндіз аналарының рұқсатымен Согра ауылында орналасқан сырғанаққа кетіп, қайтып оралмаған.
«Жоғалған балаларды анасы өзімен бірге тұрып жатқан ер адаммен бірге іздеген. Іздегенмен таппаған. Балалардың жоғалып кеткені туралы хабар жетісімен ауқымды іздеу шарасы ұйымдастырылды. Дабыл бойынша полиция қызметі құрамы біріктіріліп, Ұлттық ұланның жеке құрамы жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Балаларды арнайы құрылған бірнеше іздеу тобы іздеген.
«Полиция қызметкерлері және әскери құрам бірігіп, балаларды ауданда және тұрғылықты мекенжайына жақын маңда іздеді. 5 қаңтар таңға жуық балалар іргелес көшедегі жеке сектордан табылды», - дейді баспасөз қызметі.
Ұлттық гвардияның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері балаларды аман-сау күйінде қаладағы бір үйден тапты. Үй иелерінің айтуынша, олар балаларды түн ішінде дүкеннен көрген. Сырғанағаннан киімдері дымқыл болған және тоңып қалған. Олар балаларды үйіне апарған, бірақ үйде ешкім болмаған. Балалардың қамын ойлаған үй иесі жеткіншектерді үйіне апарып, тамақтандырып, ертеңінде таңертең үйіне апарып тастамақ болып шешкен. Одан кейін үйіне құқық қорғау органы қызметкерлері келіп, іздеу шараларын жүргізген. Балалар аман-есен үйіне оралды.