KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 1 м/с, С
480.5 534.22 5.18

«Торпедо» Қытайдан қос жеңіспен оралды

18.12.2019, 08:52 201

Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясындағы кезекті үш ойынын қонақта қытайлық командалармен өткізген «Торпедо» оның екеуінде жеңіске жетіп, тағы біреуінде қарсыласына жол берді.

Бұл жолғы серияда жерлестеріміз алдымен бейжіңдік «ОРДЖИ» хоккейшілерімен шеберлік байқасты. Аталмыш кездесуде торпедолықтар қорғаушы Дмитрий Стулов пен шабуылшы Никита Сироткиннің (дубль) көмегімен үш мәрте көзге түссе де, жеңіске жете алмады. Бұл ойын 3:4 есебімен айдын иелерінің пайдасына аяқталды.

Дегенмен келесі матчта Алексей Ждахин шәкірттері қорғаныста да, шабуылда да сауатты ойнап, нәтижесінде қарсыласын 6:1 есебімен талқандады. Тағы бір бейжіңдік ұжым – «КРС-БСУ» командасымен өткен бұл ойында Дмитрий Громов, Ян Хоменко, Иван Исаев (дубль), Никита Титов пен Денис Игнашиннің қанжығалары майланды.

Сол сияқты Цзилинь қаласында өткен келесі ойында да «Торпедо» ойыншылары қытайлықтарға ұпай ұстатпады. Аталған матчта жергілікті «Ценг Тоудың» қақпасынан Александр Шин (екі рет) мен Евгений Рымарев саңылау тапқанын айту керек.

Қазір қоржынында 40 ұпайы бар өскемендік ұжым турнир кестесінің 11-ші сатысында орналасуда. Келесі кездесуін жерлестеріміз өз айдынында Пензаның «Дизелімен» өткізеді. Бұл ойын 21 желтоқсан, сенбі күні ойналады. Басталуы кешкі сағат 17:00-де.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив