Даниал Ахметов пен Ольга Рыпакова IAAF президентімен кездесті
Мәдениет және спорт министрлігінде халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) президенті Себастьян Коэмен кездесу өтті. Оған министр Ақтоты райымқұловамен бірге Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов, вице-министр Елдос Рамазанов, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Дмитрий Карпов және Олимпиада чемпиондары Ольга Шишигана мен Ольга Рыпакова қатысты.
– Қазақстан жеңіл атлетикасының өзіндік тарихы бар. Біршама жетістіктерге жетті. Халықаралық дәрежеде спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығара алды. Қазіргі таңда елде жеңіл атлетика түрлерімен айналысатын 25 мыңдай адам, 2 500-дей жаттықтырушы бар. Сондай-ақ төрт жеңіл атлетика манежі, бір стадион салынған, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Қауымдастық президенті Қазақстанның әлемдік жарыстарға дайындығын оң бағалап, қазіргі жеңіл атлетикадағы тенденциялар жайында сөз қозғады.
– Қазір халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындауда бұрынғыдан бөлек, жаңа жүйеге көштік. Осыған байланысты спортшылардың жарысқа таза, әділ қатысуына, жаттықтырушылардың ойлау жүйесін жаңғыртуға күш салып жатырмыз, – деді Себастьян Коэ.
Айта кету керек, республикада жеті жеңіл атлетика манежін салу және Нұр-Сұлтанда халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының аймақтық дамыту орталығын ашу жоспарланған.