Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өз шекарасын бейбіт түрде толық шегендеп алды
"Nur Otan" партиясы облыстық филиалының актив мәжілісінде облыс әкімі Даниал Ахметов Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның аймақтық және аумақтық филиалдары өкілдерімен кездесуінің қорытындыларына тоқталды.
Өңір басшысы бірінші кезекте бүгінгі актив отырысында қаралатын мәселелердің барлығы да партияның алдағы қызметі үшін өте өзекті екендігін айта келе, партияның бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің барлығы да сөзсіз Елбасының ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғандығын нақты мысалдармен келтірді.
Облыс әкімі айтып өткендей, партия жиынында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне, Үкіметтің ары қарайғы да даму жоспарына, ауылдық жерлерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, ел экономикасын, шағын және орта бизнестің үлесін арттырудағы жоспарланған шараларға, сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы болжамды нәтижелерге тоқталған.
– Тәуелсіздіктің ақ таңы алғаш атқан шақта біздің алдымызда жүйелі түрде экономикалық, демографиялық, экологиялық дағдарыстар күрделі мәселе ретінде шырқау шегіне жетіп тұрды. Этносаралық қақтығыстар орын алып, ұлттық бірегейлік пен мемлекет болмады. Бұл қиындықтардың барлығы да Елбасының кемеңгер басшылығы мен беделінің және тәуелсіздіктің негізгі құндылығына айналған қоғамның бірлігінің арқасында артта қалды. Осы уақыт ішінде әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуға үлкен серпін жасалды, – деген аймақ әкімі Тұңғыш Президенттің әлемдік қақтығыстарды реттеудегі еңбегінің де орасан екендігін атады.
– Әрине, бұл жөнінде тоқтаусыз ұзақ айтуға болады. Мен өзім тікелей куә болған бір-екі жайтқа ғана тоқталғым келеді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өз шекарасын бейбіт түрде толық шегендеп алды. Тіпті, алып Қытайдың басшысы да Елбасыны қатты құрметтеуінің арқасында бұл мәселе ың-шыңсыз бітті. Ал көптеген дамыған мемлекеттер күні бүгінге дейін шекара мәселесін шеше алмай жүр. Ресей мен Түркия арасы салқын тартқан тұста тағы да Тұңғыш Президент ара ағайындық жасап, екі ел басшыларын ортақ мәмілеге келтірді. Елімізде биыл бейбіт түрде билік ауысты. Елбасы өз орнын Қасым-Жомарт Тоқаевқа нық сеніммен тапсырды. Мұндай жағдай әлем тарихында бұған дейін жеті рет қана тіркелген екен. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл кемеңгерлік қадамы әлем тарихында сегізінші оқиға болып тіркелді. Сондықтан Елбасы басында тұрған Nur Otan партиясының жұмысын жаңа деңгейге шығару басты міндетіміз. Елбасыдай ұлы замандасымызбен бірге қызметтес болу біз үшін шексіз бақыт, шексіз үлкен мүмкіндік, –деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен жиын барысында сонымен қатар Бесқарағай ауданында жүзеге асқан қанатқақты жоба – «партиялық кадрлық резервтің» қорытындысы тыңдалып, партия жұмысын жүйелі қайта жаңғырту шеңберінде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын барынша жандандыру жайы да айтылды.
Сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының және облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның қызметін ширату жайы да кеңінен талқыланып, ол жөнінде белгілі спортшы, облыстық мәслихаттың депутаты Ольга Рыпакова мен облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк анқты ақпараттар берді.
Партиялық активтің қорытындысында өңір басшысы Даниал Ахметов барлық партияластарын, жиналған қауымды алда келе жатқан 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен және алдағы ұлық мереке 16 желтоқсан – Тәуелсіз мерекесімен құттықтады.