KZ
Өскемен
-16°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, ОБ
518.14 537.57 5.27

Партияның жұмысы жүйелі түрде жаңғырады

28.11.2019, 12:10 63

Бүгін түстен кейін облыстық әкімдікте Nur Otan партиясы облыстық филиалының партиялық актив отырысы өтіп, онда партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыртуға арналған тапсырмасын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен жиын барысында сонымен қатар Бесқарағай ауданында өткен қанатқақты жоба «партиялық кадрлық резервтің» қорытындысы тыңдалып, партия жұмысын жүйелі қайта жаңғырту шеңберінде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру жайы да айтылды.
Сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының қызметін және облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның қызметін ширату жайы да кеңінен талқыланды.
Партияның облыстық филиалының актив мәжілісінде сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының өкілдерімен кездесуінің қорытындылары туралы баяндады.
Өңір басшысы бірінші кезекте бүгінгі актив отырысында қаралған мәселелердің барлығы да партияның алдағы қызметі үшін өте өзекті екендігін айта келе, партияның бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің барлығы да сөзсіз Елбасының ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғандығын нақты мысалдармен келтірді.

– Әрине, бұл жөнінде тоқтаусыз ұзақ айтуға болады. Мен өзім тікелей куә болған бір-екі жайтқа ғана тоқталғым келеді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өз шекарасын бейбіт түрде толық шегендеп алды. Тіпті, алып Қытайдың басшысы да Елбасыны қатты құрметтеуінің арқасында бұл мәселе ың-шыңсыз бітті. Ал көптеген дамыған мемлекеттер күні бүгінге дейін шекара мәселесін шеше алмай жүр. Ресей мен Түркия арасы салқын тартқан тұста тағы да Тұңғыш Президент ара ағайындық жасап, екі ел басшыларын ортақ мәмілеге келтірді. Елімізде биыл бейбіт түрде билік ауысты. Елбасы өз орнын Қасым-Жомарт Тоқаевқа нық сеніммен тапсырды. Мұндай жағдай әлем тарихында бұған дейін жеті рет қана тіркелген екен. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл көрегендік қадамы әлем тарихында сегізінші оқиға болып тіркелді. Сондықтан Елбасы басында тұрған Nur Otan партиясының жұмысын жаңа деңгейге шығару басты міндетіміз. Елбасыдай ұлы замандасымызбен бірге қызметтес болу біз үшін шексіз бақыт, шексіз үлкен мүмкіндік, – деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар өңір басшысы барлық партияластарын, жиналған қауымды алда келе жатқан 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен және сондай-ақ, алдағы 16 желтоқсан – Тәуелсіз мерекесімен құттықтады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу