«Торпедо» әлі де оныншы
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 29-шы туры аясында Ор қаласында жергілікті «Южный Уралмен» кездескен «Торпедо» қарсыласына 1:3 есебімен жол берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Осылайша жерлестеріміз қатарынан екінші ойында жеңіліс тауып, бұрынғыдай турнир кестесінің 10-шы сатысында қалды. Еске салайық, осының алдында Алексей Ждахин шәкірттері Башқұртстанның Учалы қаласында өткен ойында «Горняктан» жеңіліп қалған болатын. Есеп 3:5.
Айта кетейік, торпедолықтардың басымдығымен өткен Ор қаласындағы матчта жерлестеріміз айдын иелерінің қақпасына 49 соққы бағыттағанымен оның біреуі ғана нысанаға дөп тиді. Көзге түскен қорғаушы Тимур Таратунин болды.
Келесі кездесуін «Торпедо» хоккейшілері ертең, 30 қараша күні өткізуі тиіс. Бұл жолы өскемендік ұжым Челябі қаласында «Челметпен» кездеспек.