Өскеменде Тұңғыш Президент күні қарсаңында 20 отбасы баспаналы болды
Бүгін Өскеменде Тұңғыш Президент күні қарсаңында 20 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыс орталығының 19-шы тұрғын ауданындағы жаңа пәтерлер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға берілді. Бұл қуанышты сәтті көппен бірге бөлісуге келген аймақ басшысы Даниал Ахметов қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыс етіп, өзінің жылы лебізін білдірді.

- Міне бүгін Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 20 отбасы баспанаға ие болып жатыр. Баспана ол – бақыттың бастауы. Сондықтан бүгінгі жаңа пәтер иелерінің шаңырағында тек шаттық орнасын деп тілеймін, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Есенберлин 30а мекенжайында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде барлығы 100 пәтер бар. Сол пәтерлердің біріне қол жеткізу үшін 2011 жылдан бері кезекте тұрған Татьяна үшін бүгін қуанышты күн.

- Біз өте қуаныштымыз. Бізге осылай қамқорлық танытып жатқан елімізге, аймақ басшысына алғысымыз шексіз. Ата-ананың мейірімін көрмей өскен біз сияқты жандар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың орны бөлек. Бүгінгі күн менің есімде өмір бойына қалады, - дейді Татьяна Тасылбаева.
Айтпақшы жиырма пәтер иесіне тұрмыстық техникаға сертификат табысталды.