Егер бизнес бастағыңыз келсе оқу тегін, стипендия төленеді - ШҚО
«Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыспен қамту бағдарламасының «Бизнес бастау» жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту. Сол арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру екендігін бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Осы бағыт бойынша білім алып, кәсіп ашамен деушілер нені білу керек?
Кәсіпкерлік негіздерін оқуға қатысушылардың дені ауылда, аудан орталықтарында тұратын, жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген немесе тіркелмеген жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер (бизнесінің тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек).
• Жобаға қатысу үшін әлеуетті қатысушылар жергілікті жердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне барып, бағдарламаға қатысуға өтініш жасайды;
• бағдарламаға қатысу үшін оның шарттарына сай келетіндігіңізді растауыңыз қажет. Мысалы, жұмыссыз болсаңыз, жұмыссыз екеніңізді, мүмкіндігі шектеулі жан болса, соны дәлелдейтін құжаттарды ұсынады.
• іріктеуден өту (кәсіпкерлік әлеуетті анықтау мақсатында қатысушыларды тестілеуден өткізу);
• топтарда практикалық оқу және бизнес-жоспарларды жазу бойынша жекелеген консультациялар;
• бизнес-жобаларды қорғау;
• бизнес ашу (осы және басқа да бағдарламалар, кепілдендіру, сонымен қатар жеке қаржыландыру бойынша шағын несиелендіру арқылы).
Оқу аяқталған соң, қатысушылар қатысудағы белсенділік және бизнес-жобаны қорғауға байланысты екі түрлі сертификаттың (қатысу туралы сертификат, оқуды аяқтағаны туралы сертификат) бірін алады. Аталған сертификаттар жылдық 6 пайызбен жеңілдікпен несие алу құқығын береді. Сондай-ақ бизнес-жоспарды қорғап шығу арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізу мүмкіндігін сыйлайды.
• Жоба аясында қатысушыларды оқыту тегін.
• Оқуға қатысушыларға 16 759 теңге көлемінде бірреттік шәкіртақы төленеді.
Жобалар жөнінде толық ақпаратқа қол жеткізгіңіз келсе, кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалына хабарласуыңызға болады. Мекенжайы: Өскемен қаласы, Жеңіс даңғылы, 6, анықтама телефондары: 8 (7232) 702-952. Сондай-ақ ақпарат http://atameken.kz/. сайтында бар. Өтініштер жергілікті өзін-өзі қамту орталықтарында қабылданады.