Жазушы мен ақынның 80 жылдық мерейтойына орай
Өскеменде қазақ әдебиетінің қос алыбы Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық өнер музейі әдеби кешті жазушы мен ақынның 80 жылдық мерейтойына орайластырған екен.
Ақын Фариза өлеңсүйер қауымның жадында отты жырларымен қалды. Отты жырлардың сырбаз сезіммен астасып жататындығы да ғазалға ғашық жандарға белгілі. «Поэзия падишасы» атанған атыраулық арудың «Сен кеткелі қыраттан жел еспеді, гүл де солып қалғандай белестегі...» деген өлең жолдарын жаттап алып, жадырап оқитын жастар қаншама?!
Қайнар сөздің шыңырауы, кемел білімнің шырқау биігі Әбіш Кекілбаевтың әңгімелері мен роман-повестері – қазақтың бұрынғы тариха һәм бұлтсыз болашағы. Зүмірет сөзді жазушы қазақ оқырмандарымен бірге жасай бермек.
Кеш барысында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан құрылған «Шабыт» студенттер театры ақын өлеңдері мен жазушының әңгімелерін сахналап, көпшіліктің көңілінен шығатын қойылым ұсынды.
- Кештің ерекшелігі сол, студент актерлер қос тұлғаның бүкіл өмір жолын бір қойылымға сыйдыруға тырысты. Көрермендер құр сөзбен емес, шығармашылықпен сусындап қайтса деген ойымыз болды. Сол себепті ұзын-сонар мақтау-мадаққа емес, жастардың өнеріне кезек бердік, - дейді музей қызметкері Кәшей Сыйлық.