Бүгін ШҚО өнер музейінде қос тұлғаның құрметіне әдеби-сазды кеші өтеді
Бүгін сағат 15.00-де Шығыс Қазақстан өнер музейінде Асыл жан Фариза Оңғарсынова мен Абыз аға Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерей тойларына арналған әдеби- сазды кеші өтеді.
Әдеби –сазды кешіміз С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің «Шабыт» театры студенттерімен бірлесе өткізіліп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің поэзиясы оқылады, әндер айтылады, қойылымдар көрсетіледі.
Шығармашылық кештің мақсаты- ұлы тұлғаларымыздың өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұраларын дәріптеу.
Заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау өңірінің Оңды ауылында, жыр падишасы Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы Манаш ауылында дүниеге келген.
Жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып,қиялға қанат сермеген Атыраудың ару ақыны Фариза Оңғарсынова өлеңдері азаматтық лирикасы сыршылдығымен, қоғамдағы адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.Ақын «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Сенің махаббатың» «Дауа» сияқты кітаптарындағы халқына ұсынған өр мінезді еңбектерімен белгілі.
Халық жазушысы мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев әдебиет майданындағы кемел ой, көркем сөзімен белгілі – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Жазушы барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тағдыры мен тарихын көп зерттеп, көркем тілмен жеткізе білген үлкен сөз зергері. Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» шоқтығы биік романдары – тек шежіре ғана емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар.
Абыз тұлға саналы ғұмырында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан Республикасының тұңғыш мемлекет хатшысы, Парламент сенатының депутаты болды.
Ақын Фариза Оңғарсынованың рухты, отты, нәзік те сыршыл өлеңдері, жазушы Әбіш Кекілбаевтің тарихи эпикалық әдеби шығармалары келер ұрпақтың құнды мұрасына айналары анық.