KZ
Өскемен
-17°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
518.14 537.57 5.27

Шығысқазақстандық спортшы әлемдегі үздік жекпе-жек шеберлерінің қатарына кірді (Фоторепортаж)

18.11.2019, 11:16 189

9-10 қараша күндері Жапон елінің астанасы Токиода Шинкиокушинкай WKO бойынша 12-ші абсолюттік әлем чемпионаты өтті. Осы додада Қазақстанның намысын біздің жерлесіміз Илья Яковлев қорғап, әлем бойынша ең мықты 8 қатысушының қатарына кіріп отыр.

Бүгін таңертең спортшыны жақын туыстары, шәкірттері мен олардың ата-аналары, БАҚ өкілдері әуежайда қарсы алды.

 

Чемпионатқа 101 елден бірыңғай абсолюттік категорияда барлығы 161 адам қатысқан.

Турнирдің нәтижелері төмендегідей:

Ерлер/Men:

1. Yuji Shimamoto (Japan)

2. Maciej Mazur (Poland)

3. Daiki Kato (Japan)

4. Valeri Dimitrov (Bulgaria)

5. Kosei Ochiai (Japan)

6. Eventas Guzauskas (Lithuania)

7. Yuto Eguchi (Japan)

8. Ilya Yakovlev (Kazakhstan)

 Әйелдер / Women:

1. Juri Minamihara (Japan)

2. Inga Mikstaite (Lithuania)

3. Irina Valieva / Ирина Валиева (Russia)

4. Yui Kikukawa (Japan)

Абсолюттік әлем чемпионатының өз ерекшеліктері бар екен. Мұнда әдеттегідей алғашқы үш орын ғана жүлделі деп танылып, медаль үлестірілмейді. Қатысушылар да салмақ бойынша категорияға бөлінбейді. Жарыс барысында барлық қатысқан 161 адамның ішінен ең мықты сегіз адам таңдап алынып, арнайы кубокпен марапатталады.

Шинкиокушинкай – каратэнің бір түрі. Техникасы аса күшті, тиімді, әрі қарапайым. Оның негізін 1950 жылы жапондық жекпе-жек шебері Масутацу Ояма қалаған.

- 161 адамның барлығы бір сеткада белдесті. Солардың ішінен топ жарып, үздік сегіз жекпе-жек шеберлерінің қатарына кіру – бұл үлкен жетістік. Шынымды айтсам, оған өзім де сене алмай отырмын. Әрине, одан да жоғары нәтиже көрсетуге болар еді деп ойлаймын. Бірақ ол күн де алыс емес деген сенімдемін.  Алда әлі алатын талай асулар бар, - дейді Илья Яковлев.

Шебердің осы жетістікке жеткізген жаттықтырушыларына алғысы шексіз. Ильяның өзі де қазіргі таңда жаттықтырушы болып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Оның құрған жекпе-жек клубы «Сэйкен» деп аталады. Жапон тілінен аударғанда «жұдырық» деген мағына береді. Биыл клубқа он жыл толып отыр. Өскемендіктер арасында жекпе-жек өнерін үйрететін танымал орталықтардың бірі екенін айта кеткен жөн.

- Бұл жекпек-жек түрімен айналысқаныма 23 жыл болды. Шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Өз командам бар. Мына балалар да осы секілді үлкен жарыстарда жетістіктерге жетсе деп ойлаймын, - деді ол.

Ильяның болашақта үміт күтіп отырған тәрбиеленушілері ұстаздарының жеңісіне аса қуанышты екендерін айтты.

- Сенсейді (жапонша - «ұстаз») мақтан етеміз! - дейді балалар.

Бүгін таңертең туған қаласының топырағына аяқ тіреген спортшы кешке қарай қайта еліміздің астанасына жол тартпақ. Желтоқсанның 7-сінде тағы бір үлкен додаға қатысу үшін жарты айдай уақыт дайындықтан өтеді.

Ірі додада топ жарып, үздіктердің қатарынан көріне білген жерлесімізді алыс сапардан өзінің туыстары, шәкірттері мен олардың ата-аналары ғана қарсы алғаны көңілге қаяу түсіреді екен. Қала әкімшілігі, спорт басқармасы өкілдерінің қарасы байқалмады. Облыстың, бүкіл Қазақстанның намысын қорғап, шетелге танытқан ер азаматты елдің алды болып келіп, құттықтайтын жөндері бар еді.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу