«Торпедо» «Сарыарқадан» екінші мәрте жеңілді
«Торпедо» қатарынан екінші ойында ұпай жоғалтты. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті турында өз айдынында Қарағандының «Сарыарқасын» қабылдаған Алексей Ждахин командасы қарсыласынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, осының алдындағы ойында да жерлестеріміз қарағандылық ұжыммен кездесіп, ол матч та «Сарыарқаның» пайдасына аяқталған-ды. Есеп 3:4.
Ал бұл жолы торпедолықтар тіптен сүреңсіз ойнады. Оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырғанымен, өскемендік хоккейшілер қарсылас қақпасының кілтін таба алмады. Есесіне, қонақтар Владислав Никулин (40-ші минут) және Виталий Кропачевтің (44-ші минут) көмегімен екі мәрте көзге түсті.
Осы жеңілістен кейін «Торпедо» тағы бір сатыға сырғып, тоғызыншы орынға тұрақтады. Келесі кездесуін жерлестеріміз Өскеменде Қорғанның «Зауральесімен» өткізеді. Бұл ойын 14 қараша, бейсенбі күні ойналады. Басталуы кешкі сағат 18:30-да.