Кіру тегін - Өскеменде халықаралық «ITF Junior G3-2019» басталды
Өскемендегі «Smash» теннис орталығында халықаралық «ITF Junior G3-2019» жарысы басталды. Шығыста осымен оныншы рет жалауын желбіреткен турнирдің деңгейі мен ауқымы жыл өткен сайын өсе түсуде.
Қазақстан теннис федерациясы облыстық филиалының директоры Александр Липовтың айтуынша, бүгінде елімізде мұндай додалар кемде-кем.
– Соңғы жылдары облысымызда үлкен теннис спорты қарқынды дамуда. Бұған 2010 жылы ашылған халықаралық стандарттарға сай «Smash» теннис орталығы да өз септігін тигізіп жатқаны сөзсіз. Айналдырған тоғыз жыл ішінде Шығыс Қазақстан жеріне көптеген елдің жас теннисшілері келіп, шеберлігін шыңдай түскен. Биылғы додада да өз елдерінің үздіктері сынға түсуде, – дейді А.Липов.
Айта кетейік, бұл биыл облыс орталығында теннистен ұйымдастырылып отырған бірінші жарыс емес. Осыдан бір апта бұрын Өскеменде 14 жасқа дейінгі спортшылар арасында азиялық теннис сериясының кезекті турнирі өткен-ді. Сол сияқты ITF бағдарламасына енген «World tennis tour M25 Ust-Kamenogorsk» халықаралық жарысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал бұл жолғы додаға еліміздің, сондай-ақ Алжир (тұңғыш рет), Өзбекстан, Польша мен Ресейден келген 15 пен 18 жас аралығындағы теннисшілер қатысып, жұптық және жекелей сындарда өзара мықтыны анықтауда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы бәсекеге 100-ге жуық жас ракетка қатысуда. Олардың ішінде – болашағынан зор үміт күттіретін жерлестеріміз Татьяны Николенко, Иван Кизилов, сондай-ақ Роман Демченко да бар.
– Бұған дейін Ақтөбе қаласында өткен жарысқа қатысып, жүлделі орындардың бірін еншілеп қайтқан едім. Ал Шығыс Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Маған бұл өлкенің табиғаты да, жарыстың ұйымдастырылу деңгейі де ұнады. Қарсыластарыма сәттілік тілеймін, – деген Михаил Горохов болашақта мықты спортшы болғысы келетінін де жасырмады.
– Қатысушылар құрамы жылдағыдай өте мықты. Бір ғана мысал келтірейін, 2010 жылы өткен алғашқы жарысқа бүгінде әлемдік рейтингтің көшбасшылары қатарынан мықтап тұрып орын алған ресейлік Даниил Медведев қатысып, үлкен теннистегі алғашқы қадамдарын жасаған болатын. Бәлкім, бүгінгі жарыстың қатысушылары арасынан да болашақ Әлемнің бірінші ракеткалары шығып қалар, кім білсін?!. Бұл –рейтингтік жарыс, демек бәсеке тартысты болатынына күмәніміз жоқ, – деген турнир директоры Айя Оспанова аталмыш жарыс басқа турнирлерден жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін бағалы сыйлықтарымен де дараланып тұратынын ерекше атап өтті.
Тағы бір атап өтер жайт, жарысқа кіру тегін, яғни ойындарды кез келген адам келіп тамашалай алады. Еске салайық, Өскемендегі теннис додасы апта соңына дейін жалғасады.