Келесі жылы «Қарбыз FEST» Күршімде өтеді - аудан әкімі
Шығыстағы қарбыздың отаны саналатын Күршімде келесі жылы «Қарбыз FEST» өтетін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Баршаға мәлім, аталмыш фестиваль биыл облыс орталығында болған еді. Онда күршімдік «Мұхамеджанов» шаруа қожалығының басшысы салмағы 21,100 келі тартатын қарбыз алып келіп, жұртты таңғалдырған болатын. Иә, фестивальден кейін тұрғындар мен Фейсбук желісінің қолданушылары бұл шараны қарбыздың отаны саналатын Күршімнің өзінде өткізу керегі туралы ұсыныс білдіріп еді.
– Мұндай ұсынысты қуана-қуана қабыл алдық. Халықтың айтуында, Күршім – Шығыстағы қарбыздың отаны саналады. Сондықтан да бізде өтуі заңды. Бұйырса, келесі жылы жеміс піскенде облыстың халқына сауын айтамыз. Айтпақшы, қарбыз өсірумен Бесқарағай, Үржар, Зайсан аудандары да жақсы айналысады. Ол жақтың бағбандары да фестивалімізге ат салысады деп сенеміз, – деді аудан әкімі Дулат Қажанов.