Өскемен әкімдігі мен тұрақтандыру қорының келісімшарты бітті
Қазан айының соңына дейін аймақтық тұрақтандыру қорына жергілікті «Агрофирма «Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 5 700 тонна жеміс-жидек пен көкөніс жеткізіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық отырыста «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Эльдар Тұмашинов айтты.
Соның ішінде Өскеменге 2700 тонна жеміс-жидек пен көкөніс (1 400 тонна картоп, 450 тонна орамжапырақ, 400 тонна сәбіз, 450 тонна пияз) жеткізіледі.
Ал Семейге барлығы – 3 мың тонна (1 500 тонна картоп, 500 тонна орамжапырақ, 400 тонна сәбіз, 600 тонна пияз).
Семейде тұрақтандыру қорларының өнімдерін саудалау үшін 11 жер учаскесі бөлінді.
Ал Өскемендегі арзан өнімдерді сататын нысанға бөлінген 8 жер учаскесінің жалға беру мерзімі өтіп кеткен екен. Бірақ қала әкімдігіне мерзімді созу туралы ұсыныс жіберіліпті.
– Атқарылып жатқан жұмыстар дұрыс бағытта. Алайда, тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалайтын сауда нүктелері де заман талабына сай көрнекті әрі таза болуы тиіс. Бұл барлық қалалар мен аудандар әкімдеріне де қатысты. Сонда ғана біз қор өнімдерін сапалы жүзеге асыра аламыз, – деген аймақ әкімі Даниал Ахметов бұл бағыттағы шаруа ақсамас үшін Өскемен мен Семей қалаларының әкімдеріне сауда нүктелері орналасқан, жалдау мерзімдеріне өтіп кеткен жер учаскелерінің уақытын тағы үш жылға дейін ұзартуды тапсырды.