Өскеменде жалға пәтер алып, артынша тонап кететіндер көбейді
Өскеменде ер азамат жалға пәтер алып, артынша оны тонап кеткен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Полиция басқармасына пәтер иесі хабар берген.
46 жастағы әйел пәтерін бір ай бұрын кезекті бір клиентке жалға беріп, 29 тамыз күні пәтерақы алуға келген. Алайда бұл уақытта алаяқ пәтердегі барлық тұрмыстық техниканы алып, ізін суытып үлгерген екен.
– Қазіргі уақытта күдікті ұсталды. Бұрын бірнеше рет сотталған 33 жастағы ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп мәлімдеді Полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Аталмыш бап бойынша қылмыскер 1000 АЕК (2,5 млн теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін немесе үш жылға бас бостандығынан айырылады.