Сенбілік өтеді, бірақ қоқыс шығарылмайды. Семейдегі ТҮКШ қайда қарап отыр?
«Үш күн өтті, ал біз жинаған қоқыс сол бойы жатыр». Семейліктер сенбілікте жинаған қоқыстарының шығарылмай жатқанына қапалы, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізде болса, жалпыреспубликалық шараға айналған «Бірге – таза Қазақстан» сенбілігін семейліктер қазанға дейін жалғастырамыз деген болатын. Әр сенбі сайын күректерін қолға алып қала көшелерін тазалайтын тұрғындар наразылықтарын білдіруде.
– Сенбілікке 17 тамыз күні шыққанбыз, бүгін міне 20-сы. КХҚП-нің қызметкері әрі қала тұрғыны ретінде менде сенбілікке шықтым. Қоқыстарды жинап біткенде, қалалық ТҮКШ бөлімі қоқыстарды жүк көлігі жинап алып кетеді деген. Бірақ сол үйілген қалпында жатыр. Қаңғыбас иттер тамақ іздеп қоқыс толы қаптарды жыртса, бәрі шашылады ғой. Сонда біздің еңбек зая кете ме, – дейді қала тұрғыны Нұрбек Рахимов.
17-ші тамыз күні 141 тонна қоқыс жинадық деген ТҮКШ бөлімінің мамандары сол қоқысты неге шығармай жатыр?
– Семейде апта сайын сенбілік өтеді. Қоқыстарды шығарып жатырмыз. Келесі сенбіге дейін бәрін шығарамыз. Кемшіліктер жоқ емес бар әрине оған шара қолданамыз, –деді қалалық ТҮКШ-тің бастығы Амантай Өтелбаев.