«Эвакуациялық есік құлыпталған». Өскемен мектептерінде өрт қауіпсіздігі сақталған ба?
Жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары 40-тан астам білім мекемесін аралап, өрт қауіпсіздігі қаншалықты сақталғанын қадағалады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
ТЖБ өкілдері апта бойы мектептерді аралап, автоматты өрт дабылының, алғашқы өрт сөндіру құралдарының, эвакуациялау жолдарының бар-жоғын тексерді.
– Тексеруден өткен мектептер барлық қажетті талаптарға сай деуге болады. Айталық білім мекемелерінің өртке қарсы су құбырында ақау жоқ. Қажетті құралдармен жабдықталған. Қысқаша айтқанда, қауіпсіздік ережелері сақталған, – деді Өскемен қаласы ТЖБ басшысының міндетін атқарушы Серік Амангелдин.
Дей тұрғанмен, кемшін тұстар да жоқ емес. Мәселен бірнеше мектептің эвакуациялық есіктері құлыпталған болып шықты. Тиісінше тілсіз жау тисе, сытылып шығар жол бөгде заттармен бөгелген екен. Мектеп әкімшілігіне аталған кемшілікті бірінші қыркүйекке дейін жою міндеттелді.