KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
494.95 525.49 5.05

ШҚО әкімі жеңіл өнеркәсіп саласын көркейтуге тапсырма берді

15.08.2019, 11:32 170

Елімізде жеңіл өнеркәсіп көлемі қайта өңдеу өнеркәсібінің құрамында тым мардымсыз. Көбіне мемлекеттік тапсырысқа телмірген бұл саланың әлемдік деңгейде азық-түлік өнімдерінен кейінгі екінші орынды алатынын біреу білсе, біреу білмес. Осы ретте өңір билігі жергілікті жердегі жеңіл өнекәсіп саласын көркейтуге шындап кіріспек, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Облыс әкімдігінің кезекті отырысында Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына осындай тапсырма берген өңір басшысы Даниал Ахметов аймақтағы жеңіл өнеркәсіпті аяғынан тұрғызатын уақыт келгенін баса айтты. Бірде төмендеп, бірде қалпына келетін саланың тамырына қан жүгіртетін кез келгенін алға тартқан ол өзімізде өндірілетін тауардың сапасымен қатар қолжетімді болуын қадағалауды қатаң тапсырды.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрмановтың хабарлауынша, бүгінгі таңда өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласында 46 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, олардың 43-і шағын кәсіпорындар көрінеді. Жеке қолға өтіп кеткен кәсіпорындар қазіргі уақытта нарық сұранысына машықтанып, өнім шығару бағыттарын өзгерткен.

Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында өңірде өндірілген жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 миллиард теңгеден асып жығылған. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының басым көпшілігі, яғни 62 пайызы негізінен Семей қаласында шоғырланған. Мұнда 2 орта және сегіз шағын кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындар негізінен кенеп қаптар, төсек-орын жабдықтарын, арнаулы жұмыс киімдер мен киіз аяқ киімдер шығарумен айналысады.

– Алты айдың қорытындысы бойынша табиғи теріден жасалған киімдер мен төсек-орын жабдықтарын шығару көлемі азайған, – дейді Ержан Айткенұлы. – Жергілікті жердегі жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын шығарумен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында өткен жылы көпбалалы және азқамтылған отбасылардың балаларын мектеп формасымен қамту бойынша акция өткізілген болатын. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 500 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Кәсіпорындармен келісімшарттар жасалып, қазіргі уақытта олар мектеп формаларын қажетті көлемде жеткізіп отыр.

Соңғы екі жылда жеңіл өнеркәсіптегі ірі кәсіпорындардың да жаңа өнім шығару бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар атқарғанын алға тартқан басқарма басшысы аталмыш салада тігіншілік бағытының қарқын ала бастағанын атап өтті.
Десек те, көбіне мемлекеттік тапсырысқа телмірген кәсіпорындар негізінен зауыттар мен күш құрылымдарына арнаулы киім тігуге ғана машықтанған. Инвесторлар аса қызығушылық таныта бермейтін саланың ұсынары көп екенін айтқан облыс әкімі қазіргі уақытта өз нарығымызға өзіміз кіруге қауқар таныта алмай отырғанымызды тілге тиек етті.

– Импорт біздің тігіншілік саламыздың көсегесін көгертпей отыр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. Шынымен де, еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы ішкі сұраныстың 10 пайызын әзер жабады. Қалған 90 пайызы Ресейден, Түркиядан, Қырғызстан мен Түркиядан әкелінетін тауарлар. Осы ретте жергілікті нарықты шетелдік өндірушілерден сауатты қорғау қажет. Ол үшін сапамен бірге, өнімнің қолжетімділігі қатар жүру керек. Сөз соңында саланың құзырлы мекемелер тарапынан қажетті деңгейде зерделенбей жатқанын алға тартқан өңір басшысы әр нәрсені жіті талдау керектігі жөнінде тапсырма берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу