Семейде үй жалдап, баспанасыздарға сая болып отыр
Семейде ерекше қайырымдылық қоры ашылды. Олар қаланың орталығынан үш қабатты зәулім үй жалдап, баспанасы жоқтарға сая болып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі, semeyainasy.kz сайтына сілтеме беріп.
Қайырымдылық қорының негізгі бөлімі Нұр-Сұлтан қаласында. Алматы мен Қарағандыда филиалы бар. Енді, міне, Семейде де ашылды.
– Филиалымызға екі ай болды. Аз ғана уақыттың ішінде 15-тей адам келіп, ерікті түрде көмектесіп жатыр. Ал осынау «Лига Добра» атты қор негізінен 10 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. Ресми түрде тіркелген құжатымыз бар. Келіп уақытша паналаймын деушілердің өздерін қандай да бір діни ағымға немесе өзге іске тартады деп қауіптенбеуіне болады, – дейді қайырымды жандардың жетекшісі Сергей Бубенчиков.
Оның айтуынша, қорға азық-түлік пен киім-кешектер қабылданады. Жомарт жандардың +7 776 882 5252 байланыс нөміріне хабарласып, мекенжайды білуіне болады.
– Адамның басынан алуан түрлі жағдай өтеді. Бірі бір кезде есірткі немесе араққа салынып кеткендіктен барынан айырылады, екіншісі қамаудан шығып баспана таппай жүреді деген секілді. Біз ондай адамдарға да көмек қолын созамыз. Киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етеміз. Тіпті, сенсеңіз, осы қордың тарихында үй-жайы болмағандықтан бір жылдай келіп паналаған отбасы да болған, – дейді Сергей.