Көкпектіліктер халықаралық "Жігіт сұлтанына" қатысады
Көкпектіде «Жігіт сұлтаны» өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Сайыстың өтуіне аудандық мешіт пен жастар ресурстық орталығы мұрындық болды. Атаулы шараға әр ауылдан білекті де жүректі сегіз ер жігіт қатысты. Атап айтсақ, Еламан Кеңесқалиев, Ернат Маратұлы, Ерлан Әзімбаев, Саяхат Тұрлыбеков, Нұрболат Қауан, Қайрат Жүнісов, Ақтілеу Райхан және Ерлан Шитаяқов.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші айналымда қатысушылар қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, қол күресі сынды спорт түрлерінен бақ сынасса, екінші айналымда жігітке жеті өнер де аз деп, ән мен күйден шашу шашты.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Нұрболат Қауанға бұйырды. Екінші орынды Ерлан Әзімбаев қанжығаласа, жүлделі үшінші орынды Саяхат Тұрлыбеков иеленді.
– Жүлделі орындарды алған жігіттеріміз ағымдағы жылдың тамыз айында Көкпектіде өтетін «Қазақ Толағайы» атты халықаралық сайысқа жолдама алады, – дейді қазылар мүшесі.