ШҚО-да құрылыс компаниялары 400-ден астам жұмыс орнын ұсынып отыр
ШҚО-да республикалық маңызы бар жол учаскелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізетін бес жол құрылысы компаниялары 400-ден астам жұмыс орнын ұсынуда. Бұл жөнінде облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Аталмыш компаниялар жалақысы 100-ден 250 мың теңгеге дейінгі жұмыс орындарын ұсынуда, – дейді басқарма басшысы Ерболат Ошақбаев. – Бүгінгі таңда «Талдықорған-Өскемен» участкесінде жұмыс істейтін «Тодини» компаниясына 73 жол қызметкері, жүргізуші, машинист қажет болса, «Калбатау-Майқапшағай» учаскесінде жөндеу жұмыстарын жүргізетін «Синь Синь» компаниясына 10 зертханашы, 70 жол қызметкері, әкімшілік және іс басқарушы персонал, 70 жүргізуші, 58 шебер керек. Бұдан бөлек, «K-Дорстрой», «Сине Мидас Строй» БК», «КазГерСтрой» мекемелерінде жүргізушілер мен инженерлер жетіспейді.
Басқарма басшысының айтуынша, жұмыс іздеген азаматтар аталмыш компаниялардың телефон нөмірлеріне кез келген уақытта хабарласа алатын көрінеді.