"Жаттығу тегін" – Семейдің ауыр атлетика залы жөндеуден өтті
Ауыр атлетика федерациясы жас спортшыларды қолдау үшін «Жас қуат» атты бағдарлама шығарды. Соның аясында облыс-облыстардағы жаттығу залы мен құрал-жабдықтарды жөндеп, спортшыларға шәкіртақы тағайындап жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Семейдің «Локомотив» стадионындағы ауыр атлетика залы да бұл игілікті бастамадан тыс қалмады.
– Едені ауыстырылып, зілтемірлер мен басқа да керек-жарақтар алынды. Сондай-ақ спортшыларға бір жылдық шәкіртақы тағайындадық. Болашақта осы мектептен олимпиада чемпиондары шығады деп үміттенеміз және сол үшін жұмыс істеуіміз керек, – деді Федерацияның атқарушы директоры Алдияр Нұралинов.
Тренерлердің сөзіне сенсек, Семей жастарының осы спорт түріне қызығушылығы қатты.
– Жастар жан-жаққа жарыстарға шығып, жүлделі оралып жүр. Жаттығу тегін. Сағат 9:00-12:00 және 14:00-20:00 аралығында болады. Келемін деушілерге де есік ашық, – деді тренер Вячеслав Лю-Шин.
Залдың ашылу салтанатына еңбек сіңірген жаттықтырушылар, жас спортшылар мен спорт бөлімінің қызметкерлері қатысты.