Көш басындағы «Алтай» екінші орындағы «Қызылжардан» жеңіліп қалды
Семейлік «Алтай» биылғы маусымда алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Бірінші лига колмандалары арасындағы ел чемпионытаның 12-ші турында өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарымен» кездескен Сергей Тимофеев шәкірттері қарсыласынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, семейлік ұжым осыған дейін қатарынан алты ойында жеңіске жеткен болатын.
Ал бұл ойындағы жалғыз доп кездесудің негізгі уақытының аяқталуына небәрі бір минут қалғанда соғылды. Өкінішке қарай, бұл доп қызылжарлық футболшылардың еншісіне жазылды. Матчтың 89-шы минутында қонақтарға жеңіс әперген нәтижелі соққыны пенальтиден жартылай қорғаушы Максим Драченко соқты. Қорытынды есеп 0:1.
Осы жеңісінен кейін турнир кестесінің екінші орнында келе жатқан «Қызылжар» көш бастап тұрған «Алтайға» бір табан жақындай түсті. Екі команда арасын қазір бар төрт ұпай бөліп тұр.
Ал биылғы маусымда алғаш рет жеңіліс тапқан семейлік ұжым ел біріншілігі аясындағы келесі кездесуін 6 шілде, сенбі күні Шымкентте жергілікті «Қыран» командасымен өткізеді.