KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, Ю
471.83 505.66 5.4

"Алтай" тағы жеңіліп қалды

19.08.2019, 05:26 209

«Алтай» қатарынан екінші ойында жеңіліс тапты. Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының 17-ші турында Талдықорғанда жергілікті «Жетісу-Б» футболшыларымен кездескен семейлік ұжым қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.

Еске салайық, Сергей Тимофеев шәкірттері осыдан бір апта бұрын өз алаңында Ақтаудың «Каспийімен» шеберлік байқасып, ол ойында да қарсыласына үш ұпай сыйлаған болатын.

Ал Жетісу жерінде өткен матчтағы есеп кездесудің 21-ші минутында ашылды. Бұл гол алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Бекзат Жақсыбайұлының еншісіне жазылды. Екінші таймның басында шабуылға лап қойған алтайлықтар қорғаушы Алексей Подпругиннің көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Алайда, кездесудің аяқталуына шамамен бес минут қалғанда жерлестеріміз «Жетісу-Б» командасымын тәжірибелі жартылай қорғаушысы Сабырхан Ибраевтан көз жазып қалды. Осы ретте алаң иелеріне жеңіс әперген Ибраев кезінде шығысқазақстандық клуб сапында да өнер көрсеткенін айта кеткен орынды. Қорытынды есеп 1:2.
Қатарынан екі кездесуде жеңіліс тапқанына қарамастан «Алтай» көш басындағы орнын сақтап қалды. Алайда, семейліктер екінші және үшінші орындардағы «Каспий» мен «Қызылжардан» енді сәйкесінше бір және үш ұпайға ғана алда тұр.

Келесі кездесуін алтайлықтар 24 тамыз, сенбі күні Шымкентте жергілікті «Академия Оңтүстік» командасымен өткізеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив