«Алтай» қатарынан алтыншы ойында жеңіске жетті

«Алтай» жеңісті жолын жалғастыруда. Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының 11-ші турында Ақтөбеде жергілікті «Ақтөбе-Жас» командасымен шеберлік байқасқан семейлік ұжым қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, жеңіс сериясын алты ойынға дейін ұзартты.
Ақтөбенің «Мұнайшы» стадионында өткен бұл жолғы матчтың есебі екінші таймда ашылды. Кездесудің 55-ші минутында көзге түскен қорғаушы Әнуар Умашев болды. Ал ойынның аяқталуына шамамен екі минут қалғанда тәжірибелі жартылай қорғаушы Алексей Шакин қарсылас қақпасынан саңылау тауып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Жалпы, бұл ойындағы алтайлықтардың басымдығы көзге ұрып тұрды. Мұның себебі де айқын, дәл қазір семейлік команда турнир кестесінің бірінші орнында тұрса, ақтөбеліктер керісінше ең соңғы, 14-ші сатыда орналасуда. Дәл қазір екі ұжым арасын бақандай 27 ұпай бөліп тұр.
Келесі кездесуін Сергей Тимофеев шәкірттері 29 маусым, сенбі күні өз алаңында петропавлдық «Қызыл-Жар СК» командасымен өткізеді. Осы орайда аталған ұжым жарыс кестесінің екінші орнында («Алтайдан» жеті ұпайға қалып тұр) орналасқанын айта кеткен жөн.