Семейдегі көпірдің "қақпанына" тағы бір жүк көлігі түсіп қалды
Семейдегі көпір тағы бір жүк көлігін өз "қақпанына" түсірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға 23 маусым күні Қабанбай батыр көшесінің бойында болған. Бірақ осы жолы "КамАЗ" кептеліп қалыпты. Жүргізушінің айтуынша, ол биіктікті жете бағаламаған.
Көпірге көбіне қаланы білмейтін шеттен келген жүргізушілер кептеліп қалатын көрінеді, өйткені көбісі айналма жолды білмейді екен.
– Жүргізушіге қатысты ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізуші жол жүру ережелерін бұзған, – дейді Семей полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, 19 маусым күні дәл осы көпірге Семей-Қарағанды бағытындағы автобус кептеліп қалғанын жазған едік.
Қала тұрғындары көпірдің биіктігін көрсететін белгіден гөрі, жүк көліктерінің өтуіне мүлдем шектеу қою керек деп отыр.