KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.55 533.75 5.36

Жылыту маусымына әзірлік уақыты 15 қыркүйекке дейін - Даниал Ахметов

19.06.2019, 11:38 221

Қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары осы жылы 15 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс. Өткен жылыту маусымының қорытындысы және алдағы қысқа әзірлік мәселелері талқыланған облыс әкімдігінің кезекті отырысында аймақ басшысы осындай тапсырма берді.

Тақырып бойынша баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанованың айтуынша, былтыр жылыту маусымы қалыпты жағдайда өткен. Өңірдегі 10 ірі жылу орталығы мен 560 қазандық міндеттерін талапқа сай атқарып шыққан. Бюджеттік ұйымдарға 120 мың, облыс жұртшылығына 1 миллион 142 мың тонна көмір жеткізіліпті.

– Қаражыра көмірінің тоннасы ақпан айынан бері 3585 теңгені құрайды, былтыр 3350 теңге болған. Мазуттың тоннасы – 80 мың теңге, бұл – әлеуметтік баға. Отын алуға облыс қазынасынан 820 миллион теңге субсидия бөлініп отыр, – деді басқарма өкілі өз сөзінде.

Саладағы түйткілді мәселенің бірі – дебиторлық берешек. Қазіргі кезде ол 920 миллион теңгені құрап отыр. Жылу үшін жеке тұлғалар да, бюджеттік ұйымдар да қарыздар. Сондай-ақ, жылу өндіруші кәсіпорындардың электр қуаты үшін 53 миллион теңгенің шамасында өз берешек қаражаттары да бар. 

– Дебиторлық берешекті жою бойынша нақты іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Әсіресе, Семейде қарыз 512 миллион теңгеге жеткен, ал облыс орталығында екі есеге аз – 201 миллион теңге. Алтай, Риддер, Курчатов, Аягөз қалалары мен Шемонайха, Глубокое аудандарында да берешек жинақталған. 1 тамызға дейін қарыз толық өтелуі тиіс, – деп міндетті осы орайда аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Алдағы қысқа әзірлік барысы туралы айтар болсақ, іс-шаралар жоспары 15 мамырда бекітілген. Жоспарда 55 қазанды жөндеу, 552 қазандықты, 1345 шақырым жылу құбырын әзірлеу, 2740 шақырым электр желісін қалпына келтіру сынды жұмыстар тұр.

– Көмірге деген қажеттілік тұрғындарда 1 миллион 141 мың тонна, бюджеттік ұйымдарда 128 мың тонна, ал жылыту кәсіпорындарында 2 миллион 290 мың тонна. Бүгінде аудан-қала әкімдіктерімен, салалық басқармалармен қатты отынды тасымалдау кестесі жасалған, – деді есебінде Алма Арынғазықызы.  

 Күрделі мәселенің бірі болған Аягөздің «Орталық» қазандығы коммуналдық меншікке сатылып алынып, жөнделуде. Жұмыстар 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, Семейде «Зооветинститут» қазандығы мен «МЭН» қазандығының құбырлары қосылуда, нәтижесінде Силикат кенті жылумен толық қамтылмақ.

Әзірге 962 білім беру нысанының 299-ы (30 пайызы), 581 денсаулық сақтау нысанының 254-і (44 пайызы), 4975 көпқабатты үйдің 519-ы (10 пайызы) жылу қабылдауға әзір.  

– Қысқы жылыту маусымына әзірлік жұмыстары биыл 15 қыркүйекке дейін толық бітуі тиіс. Бұрын біз 15 қазанға дейін уақыт беретінбіз. Олай, сағызша созудың қажеті шамалы. Мұнымен қоса, жылумен қамтушы кәсіпорындар өздерінің дебиторлық берешектерін белсенді түрде жоюуы керек, – деп міндеттеді облыс әкімі.

Темір жолдан жырақта жатқан аудандарда былтыр көмірдің құны 18 мың теңгеге дейін шарықтап кеткенін еске салған аймақ басшысы қатты отынның бағасын да жіті назарда ұстауды мықтап тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив