ШҚО-ға 650 отбасы көшіп келеді
Ағымдағы жылы мемлекеттік қоныс аудару бағдарламасы бойынша ШҚО-ға 2000-нан астам адам көшіру жоспарланған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық әкімдік 651 отбасын (2161 адам) қабылдау бойынша квота бекітіп қойды. Оның ішінде 456 отбасы – жұмыс күші мол аймақтан қоныс аударушылар, 195 отбасы – өз отанына қайтуға ниет білдірген оралмандар.
Облыстың барлық қалалары мен аудандарында қоныс аударған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, отбасының әр мүшесіне көшу, баспана жалдау, коммуналдық төлемдер үшін субсидия беріледі. Сондай-ақ, жұмысқа тұруға да көмек көрсетіледі. Кей қалалар мен аудандарда тегін баспана мен жер телімдері берілуі мүмкін.
Мысалы, Зайсан ауданында қоныс аударғандарға 3 коммуналдық үй мен 8 отбасына жатақхана беруге дайын. Одан бөлек, ауданда қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған 230 гектар егістік жер, 3350 га жайылым, 150 га шабындық жер, бақша өсіруге – 10,2 га, жеке тұрғын үй құрылысына - 30 га, коммерциялық мақсаттарға – 5,4 га жер бар екен.
Қоныс аударған отбасылар мемлекеттік субсидия арқылы берілген қаражатқа да баспана сатып ала алады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаевтың мәліметінше, қазір облыста 18 отбасы субсидиямен жеке баспана сатып алған. Қоныс аударған 242 адамның 160-ы тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр. 16 адамға жастарды жұмыспен қамту және қоғамдық жұмыспен қамту бойынша қолдау көрсетілген. 8 адам кәсіпкерлікпен айналысуда.