Instagram-да балалардың құқығын қорғау бойынша аккаунт ашылды
Instagram әлеуметтік желісінде ата-аналардың балаларға қатысты маңызды сауалдарына жауап беретін аккаунт пайда болды. Бұл аккаунтты Өскемен білім бөлімінің қызметкерлері арнайы ашып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталған әлеуметтік желідегі zashita_detei_uka парақшасында әр түрлі сұрақтарға жауап алуға болады. Мысалы: Қалай бала асырап алуға болады? Ажырасып кеткен ата-аналардың бірі баламен кездесуге рұқсат бермесе не істеу керек? Кәмелет жасқа толмаған балалар арасындағы қылмыстарға жол бермеу үшін қандай шаралар қабылдау қажет?
Аккаунттың администраторлары пайдалы ақпараттармен және шұғыл телефон желісінің нөмірлерімен бөлісіп отырады. Әр постқа пікір қалдырып, сауал жолдауға болады.
Сондай-ақ, мұнда балалардың әлеуметтік және отбасылық проблемаларға көзқарасын көрсететін бейнероликтер жарияланады.
Балалардың құқығы бұзылған жағдайда осы аккаунттан бөлек Өскемен қаласының қамқоршылық пен қорғаншылық органының нөміріне де хабарласуға болады: 26 – 68 – 52.