KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 2 м/с, СБ
530.12 546.08 5.17

Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға арналған ипотека шарты қандай?

10.06.2019, 10:23 134

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Аслан Самжанов көпбалы және әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасыларға арналған ипотеканың шарттарымен таныстырды деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Оның айтуынша, жеңілдетілген ипотека жылдық екі пайызбен беріледі. Мұнда бастапқа жарна үй сомасының тек он пайызын құрайды. Несие мерзімі - 20 жыл.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясындағы ипотека көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасыларға арналған. Бірақ осы санаттағыларға да қойылар шарт бар.

- Біріншіден, біз әкімдіктің жолдамасымен келгендермен жұмыс істейміз. Сондықтан банкке келмес бұрын, осы санатқа кіретіндер жергілікті әкімдіктің тұрғын үй қатынастары бөліміне барып тіркелулері қажет,-дейді банк өкілі Аслан Самжанов.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметкерлері «Бақытты отбасы» жобасына қатысатындардың төлем қабілетін жеңілдетілген тәртіппен тексереміз деп отыр. Несие алатын көпбалалы отбасының мүшесі ипотеканы өтеуге қажетті ай сайынғы төлем сомасын және бір ересек адамға бес айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге – авт.) көлемінде өмір сүруге арналған ең төменгі соманы растаса болды. Ал балаларға кететін шығындар есепке алынбайды.

- Отбасының жалпы табысын оның әр мүшесіне бөлгенде, ең төменгі жалақы деңгейінен аспауы қажет. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңге екендігін ескеріп, алты адамнан тұратын отбасының табысын есептеп көрейік.Ол үшін 42500 теңгені 6 адамға көбейтуіміз қажет (42500х6=255000). Демек әлеуметтік ипотекаға қол жеткізу үшін алты адамнан тұратын отбасының табысы осы сомадан асып кетпеуі тиіс.Тағы бір ескеретін жайт, әлеуметтік төлемдер жалпы табыс сомасына кірмейді,-дейді Аслан Самжанов.

Сонымен қатар әлеуметтік ипотекадан үміткерлер атына тіркелген баспана болмауы тиіс. Алайда банк өзге мемлекеттік бағдарламаларда меншіктегі мүліктен айырылуға кемінде 5 жыл деген шектеме қойса, мұнда ондай талаптар жоқ. Тағы бір ескеретін жайт, үміткерлердің бірінің болсын табысы ресми тіркелген болуы тиіс және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» алғашқы жарна үшін шот ашулары қажет. Ал толық емес отбасылар жеңілдетілген несиеге ажырасқандарына үш жыл уақыт өткен соң барып қана өтініш бере алады. Бұл шарт баспана үшін жалған ажырасудың алдын-алу үшін енгізілген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу