KZ
Өскемен
+5°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Алакөл жағасына балалардың жазғы лагерін салу керек

17.05.2019, 06:04 231

Бұл туралы облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісінде оқушылардың жазғы демалысы туралы толыққанды ақпарат берген облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде сауықтыру және туристік нысандарының санын арттыру көзделіп отыр. Атап айтсақ, Алтай ауданы әкімдігінің «Чайка» демалыс базасында жөндеу жұмыстары аяқталған соң, «ITLand ALTAI» сауықтыру лагерін ашу жоспарлануда. Басқалардан ерекшелігі, осы жерде инженерлік және IT-мамандықтардың мәртебесін арттыруға және сұраныстағы техникалық мамандықтарды көпшілікке дәріптеуге мүмкіндік жасалатын болады.

«Чайка» демалыс базасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен бес миллион теңге бөлінген. Жаздың барлық кезеңінде мұнда облыстың қалалары мен аудандарынан 400 оқушы келіп, каникулдарын қызықты өткізе алатын болады. Сонымен бірге олардың арасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары міндетті түрде демалады.

Жиында Үржар ауданының аумағында орналасқан Ішкі істер министрлігінің шипажайында тері ауруларымен ауыратын, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін медициналық бейімдегі лагерь ұйымдастыру жайы да сөз болды. Ол жерде осыған дейін «СтройЭксперт және К» компаниясы ғимараттың техникалық жағдайына жан-жақты зерттеу жүргізген екен. Нәтижесінде 1989 жылы салынған ғимарат апатты жағдайда болғандықтан, жөндеу жұмыстарын жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз деген қорытынды жасалған.

Ал облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, тері ауруларымен ауыратын, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін Үржар ауданындағы Алакөлдің жағасында 220 орындық жаңа жаздық лагерь салу аса қажет. Аталмыш лагерьде сауықтыру, оңалту орындарымен қатар, ойын-сауық-танымдық іс-шаралар да ұйымдастырылатын болады. Яғни, мұнда жабық бассейн, ойын аймағы, амфитеатр, емдік денешынықтыру жүргізу үшін жаттығу залы бар спортзал, спорттық алаң, кинозал, кітапхана, дәрігер қабылдайтын кабинеті, физиологиялық кабинет, оқшаулағыш, логопедтік пункті және тұздық шахтасы бар медициналық блок қарастырылмақ.

– Үржар ауданында орналасқан қолданыстағы Ішкі істер министрлігінің шипажайын жөндеуден өткізу нұсқасын тағы бір қарастырып, екінші мәрте сараптама жүргізу қажет. Алдағы уақытта өзім де сол жерде болып, ғимаратты көремін. Бұл лагерь балалардың демалысына ғана емес, сонымен бірге емделіп, денсаулықтарын түзетуіне де мүмкіндік туғызады. Себебі, бұл жерде Алакөлдің тамаша емдік мүмкіндігін пайдалануға нақты мүмкіндік бар. Бұдан бөлек Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында орналасқан пансионатта да оқушыларды сауықтыру жағын ойластырыңыздар. Біздің балаларымыз сауықтырудың бірегей мүмкіндіктерімен қамтылуы қажет, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив