Өскемендегі жаңа саябақ 1 маусымға қарсы ашылады - Даниал Ахметов
«Самал» саябағының құрылысы алдағы Балаларды қорғау күніне қарсы аяқталады. Бүгін Өскеменде салынып жатқан спорттық-табиғи-экологиялық саябаққа барған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Бұл жер өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналады. Рас, былтыр осы жұмысты бастағалы жатқанда, бұл әрекетімізге күмәнмен қарағандар көп болды. Өйткені, бұл жер көп жыл бойы қараусыз жатқан. Дегенмен, біз бір-ақ жылдың ішінде оны танымастай өзгерттік. Жалпы, бұл саябақты қаладағы басқа парктерден табиғаты ерекшелеп тұратын болады. Ең бастысы, қала тұрғындары үшін бұл саябақтың есігі қысы-жазы ашық болмақ, – деген аймақ басшысы саябақ аумағында атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, нысан қолданысқа уақтылы берілуі керектігін айтты.
Ол, сонымен қатар саябақ аумағына көлікпен кіруге рұқсат етілмейтінін ескертті. Сол сияқты итпен кірем деушілерге де талап қатты болмақ.
Естеріңізге салайық, жаңа саябақ бұрындары Октябрь аралы деп аталған жерде салынып жатыр. Оның құрылысына шамамен 680 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат саябақ аумағында заманауи жағажай, түрлі спорттық нысандар, жүгіру жолақтары, велосипед жолы, роллердром, скейтпарк, балалар алаңқайлары мен фудкорттар (тамақтантын орындар), полиция мен медициналық пункт сияқты нысандар салуға бағытталуда. Мұнда тіптен, қайықпен серуендеуді, байдарка, каноэмен ескек есуді ұнататын адамдарға арналған су арнасы да болады. Бүгінде саябақтың сыртында кем дегенде 200 автомобиль сияқтын көлік тұрағы да салынып қойған.