Тоқаев: Семейдегі үш көпірдің екеуі жөндеуді қажет етеді
ШҚО-ға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Президенті Семей қаласының бүгінгі ахуалына байланысты жүзеге асырылатын бірқатар міндеттерді атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
– Қаланың әр көшесі мен ғимаратында тарихтың салған ізі бар. Көне ғимараттардың тарихи және бастапқы бейнесін сақтап қалу – өте маңызды міндет. Біз ұлы Абай туралы айтқанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан, алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2017 жылы Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың бес жылдық кешенді бағдарламасының аяқталғанын айтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын лайықты арттыру негізгі міндеттерді бірі болып қала беретінін айтты.
– Қазіргі кезде 350 мың халқы бар қаланың жылдық бюджеті 56,6 миллиард теңге. Сондықтан, облыс басшылығына Семей қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл орта мерзімді перспективаға жоспарланған шаһарды өркендетудің міндеттерін жандандыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы облыс басшылығына қаладағы шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше мән беру қажеттігін атап өтіп, бұл шара жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын айтарлықтай арттыруға септігін тигізетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы көпірлер мен жолдардың жағдайы тұрғындарды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе екеніне тоқталды.
– Бүгінде қаладағы үш көпірдің екеуі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, шаһардағы жолдардың 20 пайызынан астамының жағдайы нашар. Инфрақұрылымның бұл проблемалары шұғыл шешім қабылдауды талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушылармен әңгімелесу барысында өзінің өмір тәжірибесін бөлісіп, Қазақстанды қуатты елге айналдырудың жолдары туралы айтты.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті еліміздің өсіп-өркендеуі қоғамымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасы екенін, соның нәтижесінде бүгінде біз мемлекеттігіміз мығым, экономикамыздың әлеуеті зор, әлем қауымдастығы таныған елге айналғанымызды атап өтті.