Шығыс өңірінен Астанаға жәрмеңке жөнелтіледі
Елордаға Шығыс Қазақстан облысының екі қаласынан және тоғыз ауданынан жоғары сапалы өнім жеткізіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жәрмеңке 1-2 қазан күндері «Астана Арена» стадионының аумағында болады. Тойбазарда экологиялық таза өнімнің қырықтан астам түрі ұсынылмақ.
Нақтылап айтсақ, Шығыс өңірінен 120,8 тонна өнім жеткізіледі. 11,6 тонна – жылқы еті, 1,7 тонна – сиыр еті, 0,5 тонна – қой еті, 48,5 тонна – бал, 14 тонна – өсімдік майы, 16 тонна – картоп пен көкөніс өнімдері, 8 тонна – сүт өнімдері, 3 тонна – бақша дақылдары, 5 тонна – құс еті, 5,5 – тонна балық, 2 тонна – шұжық өнімдері, 5 тонна – қымыз. Бұған қоса ұлттық өнімдер мен панта өнімдері де саудаланады.
Алтайдан жеткізілетін азық-түлік санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Мұны сатушылардың қолындағы өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардан көруге болады.
Жәрмеңке сағат екі күн бойы 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.