ШҚО жәрмеңкесі Алматыда өтті
Алматы қаласындағы ғылым академиясының аумағында Шығыс Қазақстан облысының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жәрмеңкеге Өскемен қаласымен бірге алты бірдей ауданның тауар өндірушілері қатысты. Сондай-ақ Абай облысы атсалысқанын айта кетуіміз керек.
Оңтүстік астана тұрғындары Шығыстың дәмін екі күн бойы таңдап жүріп, тиімді бағамен алды.
– Жәрмеңке сөрелерінен Шығыстың өнімдерін көріп қуанып қалдық. Өзім сол өлкенің тумасымын, бірақ талай жылдан бері Алматыда тұрамын. Туған жердің дәмін сағынамыз. Сондықтан жәрмеңке болады дегенді ести сала, бірден осында келдік. Алтай қашан да алтын балымен әйгілі. Сондай-ақ Шығыстың еті, балық өнімдері де көптің көңілінен шығып жатады. Алматылықтар негізінен осы өнімдерді іздеп келгеніне сенімдімін, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Балжан Шаяхметова.
Жәрмеңкеде облыс орталығы мен Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Ұлан, Глубокое және Шемонайха аудандарынан экологиялық таза әрі жоғары сапалы 20 түрлі өнім ұсынылды. Барлығы 46,1 тонна өнім. 2,8 тонна сиыр еті, 0,5 тонна қой еті, 2 тонна жылқы еті, 28,5 тонна бал, 3 тонна күнбағыс майы, 1,5 тонна сүт өнімі, 5 тонна құс еті, 0,5 тонна балық өнімі, 0,5 тонна ұлттық тағам, 1,8 тонна қымыз және пант өнімі.
Барлық өнім санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болды.