Қазақстанға маңызды дәрілік препарат әкелінбей қалуы мүмкін
АИТВ (ВИЧ) жұқтырған науқастарының өміріне аса қажет дәрілік препарат Қазақстанға әкелінбеуі мүмкін. Британдық фармацевтикалық компания оның бағасын түсірмей отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Британдық GlaxoSmithKline компаниясы АИТВ науқастарына дәрі-дәрмекті төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін лицензияны Қазақстанға бермей отыр. «Долутегравир» деп аталатын препараттың бір орамасының құнын 25 есеге дейін арзандатып, генерикалық препаратты 4,5 доллардан сатып алу туралы келісім БҰҰДБ халықаралық ұйымы мен СК-Фармация компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында қол жеткізілген еді. Егер баға төмендегенде ВИЧ инфекциясын жұқтырған науқастарды заманауи антиретровирустық терапиямен толық қамтуға мүмкіндік туар еді.
Алайда, патент иесі GlaxoSmithKline компаниясының өкілдерінің айтуынша, мұндай арзан препаратты тек халқының табысы төмен немесе әлеуеттік, экономикалық жағдайы өте нашар мемлекеттер ғана сатып ала алады. Ал Қазақстанның кірісі орташадан жоғары болғандықтан, мұндай лицензия біздің елімізге берілмейді екен. Айта кетсек, жеңілдігі бар лицензияны Украина, Тәжікстан мен Өзбекстан алған.
Ал мемлекет бөлген қаржы еліміздегі ВИЧ инфекциясын жұқтырған науқастың барлығын бірдей препаратпен қамтуға жетпейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені шешу үшін СК-Фармация компаниясында GlaxoSmithKline өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізген болатын.
Кездесу қорытындысы бойынша, Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова Денсаулық сақтау министрлігі препаратты арзан бағамен сатып алуға рұқсат етітін лицензияға сот арқылы қол жеткізуге тырысатынын хабарлады. Ал ViiV Healthcare компаниясы хат арқылы лицензияны Қазақстанға беруге тиым салу ниетінен таймайтынын, сондай-ақ, препараттың бағасы қазіргідей қалатынын жеткізді.