ШҚО-ның бес ауданында дала өрті тіркелді
Күннің жылынуымен бірге аймақта дала өрті тіркеле бастады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тарбағатай, Зайсан, Бесқарағай, Жарма және Глубокое аудандарында қураған шөп өртенген. Оның ішінде ірі дала өрті Зайсан мен Бесқарағай аудандарында тіркеліп отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бесқарағай ауданына қарасты Қоянбай ауылынан 15 шақырым жерде болған дала өртін толықтай сөндіруге 12 сағат кеткен екен. Өрт сөндірушілерге «Семей орманы» кәсіпорнының қызметкерлері көмекке келіпті. Өрттің жалпы аумағы шамамен 200 гектарды құрайды.
Зайсан ауданының Қаратал ауылдық округіндегі өрт сөндіру жұмыстары да дәл сондай уақытқа созылған.
Бұл екеуінен бөлек Тарбағатай, Жарма, Глубокое аудандарында аумағы шағын жерде қураған шөптің өртенуі тіркелді.
Сондай-ақ, кеше Өскемен қаласының Прохладная ауданындағы саяжайлардың учаскесінен өрт шыққан.