70 ЖОО базасында «Күміс университет» ашылады
Елдегі 70 университет базасында «Күміс университет» орталығы ашылады.
Мұндағы мақсат – зейнет жасына тақаған және зейнеттегі кісілерге қолдау көрсету, қаржылық сауаттылығын арттыру, деп хабарлайды Altaynews.kz.
«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ауқымды іс күтіп тұр. Осы орайда, Mastercard компаниясымен бірлесіп жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықты арттыруды қолға алмақпыз. Сауаттылықты көтеруді тек студентттер арасында ғана емес, барша халық үшін кеңінен ұйымдастыру керек. Қазір отандық ЖОО арасында «Күміс университет» деген жоба бар. Аталған жоба былтыр Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде пилоттық режимде іске қосылған еді. Демек, университет қабырғасында зейнет жасына таяған және зейнет жасындағы кісілерге арналған орталық ашылды. Ол жерде өмірде түрлі жайттарға тап болған егде жастағы азаматтарға көмек, қолдау ұсынылады», - деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ведомство басшысының айтуынша, аталған жоба пилоттық режимде сәтті жүзеге асырылды.
«Биыл 70 жоғары оқу орнының базасында «Күміс университет» орталығы ашылады. Осы күнге дейін 2 мыңдай адам орталық курсынан өтті. Аталған іс-шара университеттердің үшінші миссиясы болып саналады. ЖОО-ның алғашқы миссиясы – білім беру, екінші – ғылым және соңғысы – өңірдің әлеуметтік дамуына үлесі қосу», - дейді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, аталған бастаманы барлық ректор қолдап отыр.