Өскемендегі Аманжолов университеті Наурыз мерекесін тойлады
фото: Анель Абзалбекова
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Наурыз мерекесін тойлады.
Әсем ұлттық киімдер, түрлі спорттық сайыстар, ұлттық салт-дәстүрімізге негізделген көріністер, әр ұлттың тағамдары мен қолөнер көрмелері үйлесіп, мерекені тамашалаған жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады.
– Наурыз мерекесін жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастыратын оқу орнының басшысы Мұхтар Әділбекұлына мың алғыс. Университетте атқарылып жатқан ауқымды істердің нәтижесінде студенттер саны жылдан-жылға артып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті қорғауға және дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бұл орайда салт-дәстүрге негізделген Наурыз мерекесін осындай сән-салтанатымен тойлаудың жастарымыз үшін маңызы зор, – деді жиналғандарды құттықтаған Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.
«Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесіне арналған театрландырылған көрініс Ұмай ананың аластау дәстүрімен басталып, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ел іргесі әрқашан мықты болсын. Көсегелерің көгерсін, ырысымыз мол болсын. Жаңа Қазақстанға жақсылықпен қадам басайық. Биылғы Қоян жылы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жыл болсын!» деген ақ баталарымен жалғасты. Мерекеге жиналғандарды Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлібек Қаңтарбаев, облыстық соттың төрағасы Манат Көміршінов құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Оқу ордасының алдына жеті бірдей ақшаңқан киіз үй тігіліп, қонақтар Абай, Дінмұхамед Қонаев, Жұмаш Уәлиев, Сәрсен Аманжолов, Қаныш Сәтбаев, Ыбырай Алтынсарин, Қанипа Бітібаева ауылдарына кіріп, кітап көрмелерінде ұлы тұлғалардың өмірімен танысып, тілеу көжеден дәм татты.
Іс-шара барысында университет ректоры Мұхтар Төлеген жоғары оқу орнының ардагер оқытушыларын «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, қазір еңбек етіп жүрген үздік оқытушыларды «Ғылымды дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен, Алтайдан келген дәстүрлі әнші, "Бәйтерек" өнер студиясының жетекшісі Алматы Камелханқызы, Үндістаннан келген қонақ, дәрігер-психолог Баша Гул, Алтай мемлекеттік университеті азаматтық құқық кафедрасының доценті Светлана Воронина сынды меймандарды «Абай» медалімен және Өскемен қаласы әкімінің грамотасымен марапаттады. Қоғамдық, ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысып, университет имиджін дамытуға үлес қосып жүрген белсенді студенттерге де Алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 70 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісімен және 1 млн 200 мың теңге ақшалай сертификатпен университет ардагерлері Иван Полторанин мен Ленста Әубәкірова марапатталды.
Өскемен қаласы №43 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Әсел Мұздапароваға ғылыми викторинада 1 орынды жеңіп алғаны үшін төрт оқу жылы көлеміне университет гранты тағайындалды.
Мереке барысында әр киіз үйде «Тұсау кесу», «Келін түсіру», «Бесікке бөлеу» дәстүрлерінен көріністер қойылды. Сондай-ақ мерекеге қатысушылар университеттің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің үшінші курс студенті Альбина Әлібекқызының шығармашылығына арналған сурет көрмесін тамашалады.
Қазақша күрес, қол күрес, арқан тарту, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарға да студенттер белсене қатысты.
Іс-шара «Алтай» халықтық би ансамблінің, «Асыл мұра», «Мерей» топтарының, Серәлі Мұхаммедсалықов, Еділ Майзақов, Дина Мырза, Ботагөз Жұмабекова, Апош Сарбаз, Влад Лоскутовтың қатысуымен ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласты.
С.Аманжолов университеті ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жастарға кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырған думанды Наурыз мерекесі өзге оқу орындарына да үлгі боларлықтай жоғары деңгейде өткендігін атап өткен жөн.