KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

«Адал азамат»: ШҚО мектептерінде «Заң мен тәртіп» айлығы басталды

8.01.2026, 17:00 303 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Заң мен тәртіп» профилактикалық айлығы басталды. Оның аясында полицейлер өңір мектептерін аралап, оқушыларға кибербуллинг, интернет-алаяқтық және дропперлік сияқты қауіптер туралы түсіндірме сабақтар өткізуде, деп хабарлайды Altainews.kz.

— Бүгін «Заң мен тәртіп» жобасы бойынша №48 мектептің оқушыларымен кездесу ұйымдастырдық. Жасөспірімдер арасында жиі кездесетін буллинг мәселесі, қоғамдық тәртіпті сақтау, интернет-алаяқтық пен дропперлік туралы жан-жақты ақпарат берудеміз, — деді ШҚО Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрай Арыстанбек.

Оның айтуынша, 2025 жылы облыста шамамен 1500 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 3 млрд теңгеге жуықтаған. Сонымен қатар, 100-ден астам қылмыс ашылып, жәбірленушілерге 90 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылған.

Өткен жылы Қылмыстық кодекске дропперлікке қатысты 232-бап қосылып, бұл әрекет үшін нақты жауапкершілік белгіленді. Сондықтан полицейлер жастарға бұл туралы ерте айтып, заңды бұзудың салдарын түсіндіруді маңызды деп санайды.

— Бүгін бізге заң талаптары, құқық бұзушылық түрлері, кибербуллинг пен дропперлік туралы, сондай-ақ интернет-алаяқтардың алдау тәсілдері түсіндірілді. Мұндай ақпарат біз үшін өте қажет екен, — дейді 10-сынып оқушысы Алана Мағжанқызы.

Оқушылар тәртіп сақшыларының дәрісін қызығушылықпен тыңдап, арнайы дайындалған бейнематериалдарды тамашалады. Осындай кездесулер алдағы уақытта облыстың басқа да мектептерінде жалғасын табады.


Елизавета Седых

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу