«AMANAT» партиясының облыстық филиалында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Шығыстың зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, қоғам дамуына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Кездесу ресми жиыннан бұрын, мазмұнды сұхбат сипатында өтті. Өскеменде өткен бұл басқосу руханият пен саясаттың, келеді ой мен жауапкершіліктің тоғысқан алаңына айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алқалы басқосуға жүрегі мен ой тізгінін қалам ұшымен ұлт мүддесіне арнап, қызмет етіп жүрген ақын-жазушылар, ақпарат кеңістігінің тынысын дөп басып жүрген журналистер, қоғам қайраткерлері қатысты. Кездесу барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, ел Мәжілісінде қабылданған, жоспарда бар заң жобалары мен олардың қоғам өміріне ықпалы кеңінен талқыланды.
– Парламенттің жұмысына келетін болсақ, осы сессияда 100 заң қабылданса, ішіндегі 26-сы депутаттардың бастамасымен қабылданған. Сонымен қатар сессияда 5 кодекс қабылданды. Заңдар топтамасына су, салық, бюджет, цифрлық бағыттарды қамтыған кодекстер бар. Ең маңыздысы, әрине, бюджет кодексі болды. Оны қабылдау барысында елімізде шешілмей тұрған түйіткілді мәселелерге ден қойдық. Атап өтетін болсақ, аудандарда тендерлер соттасу жаңдайына байланысты төрт бес жыл игерілмей жатады. Осы мәселелерді шешу мақсатында арнайы механизмдерді бюджет кодексі айналасында жүйеледік. Екіншіден, аймақтардың бюджетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар атқарылды. Жуықта ғана Президентіміз төртінші деңгейдегі бюджетті толтыру бойынша тапсырма берді. Қазіргі таңда Қазақстанда 2300-ден астам ауылдық округтер әкімдері сайланды. Сайланған әкімдердің сайлауалды бағдарламасын іске асыру іргетасы ретінде төртінші, яғни, жергілікті жердегі бюджетті көбейту мәселелері талқыланып жатыр, - деді Ерлан Бияхметұлы.
Ерлан Саиров Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жүйелі өзгерістердің негізгі бағыттарына арнайы тоқталып, бұл реформалардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыру екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, қоғамдағы әрбір өзгеріс ең алдымен адамның қадір-қасиетін, әлеуметтік қорғалуын және болашаққа деген сенімін нығайтуы тиіс.
– Әр келген сайын қалада белгілі бір өзгерістер болып отырады. ЖМК ауданына барар жолдағы айналма жолдар үлкен қалаларда жүргендей әсер қалдырады. Мұның барлығы инфрақұрылымның даму белгісін көрсетеді. Бұл тенденция әрбір облыс орталықтарында өрістеп келеді. Алматы, Астана, Өскемен, Павлодар арасындағы жолдар тақтайдай. Қалбатау-Майқапшағай дәлізі де қолданысқа берілді. Сонымен бірге, аудандарды аралау барысында Катонқарағай өңірінде екіқабатты үйлер де қолданысқа берілетініне көзім жетті. Катонқарағай ауданының ландшафты өзгереді. Бұл өзгерістер көп ұзамай Марқакөл ауданына да жететіні кәміл, - деді халық қалаулысы.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері елдегі әлеуметтік ахуал, мәдениет пен білім саласының дамуы, ақпараттық қауіпсіздік, өлкедегі толғандырған мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды. Әр ұсыныс байыппен тыңдалып, нақты мысалдармен толықтырылды. Пікір алмасу барысында айтылған ұсыныстардың заң шығару қызметінде ескерілетіні, олардың Мәжіліс деңгейінде талқылануына мүмкіндік бар екені де атап өтілді.
– Зиялы қауым – қоғамның рухани тірегі. Олардың ойы мен ұсынысы – ел дамуының бағдаршамы іспетті. Парламентте қабылданып жатқан заңдардың барлығы халықтың өмір сапасын арттыруға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері біз үшін әрдайым маңызды», – деді Ерлан Саиров.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жалғас Сакадиев