KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Жаңа Су кодексі: өзен-көлдерді қорғау шаралары күшейтілді

8.01.2026, 15:00 124 Ержан Әбіш

Жаңа Су кодексі су объектілерін қорғауды күшейтті. Су қорғау аймағы – шаруашылық қызметтің арнайы режимі белгіленетін су объектісіне іргелес аумақ болса, су қорғау белдеуі – су қорғау аймағының бір бөлігі, онда қосымша шектеулі шаруашылық режимі қолданылады. Белдеудің ең аз өлшемі – 35 метр, ал нақты шекарасы су айдынының түріне, жер бедеріне және экологиялық жағдайларға байланысты анықталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су қорғау белдеуінде ең қатаң ережелер қолданылады. Онда тек су шаруашылығы құрылыстары мен коммуникациялары, көпірлер, порттар, пирстер, балық аулау мен аквамәдениетпен байланысты нысандар, балық өсіруге арналған тоғандар мен бассейндер, балалар ойын алаңдары, жағажайлар, аквапарктер, рекреациялық аймақтар, су объектілерін бақылау бекеттері және жағалауды бекіту, орман өсіру, көгалдандыру жұмыстары рұқсат етіледі. Басқа барлық шаруашылық қызметке тыйым салынады.

Су қорғау аймақтарында орындалмайтын әрекеттерге жерүсті суларының ластануына себеп болатын нысандарды пайдалану, жанармай құю станциялары мен мұнай өнімдері қоймаларын орналастыру, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу, тыңайтқыштар мен улы химикаттарды сақтау, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар полигондары, зираттар, мал шаруашылығы нысандары, ағынды сулар жиналатын орындар және қауіпті ластануға әкеп соғатын басқа да нысандар, сондай-ақ малды белгіленген нормадан артық жаю жатады.

Заңға сәйкес егер су қорғау аймағы ресми белгіленбесе, су объектісінің жағалауынан 500 метрге дейінгі жерді пайдалануға болмайды. Бұл талап ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры, балық шаруашылығы мен аквамәдениет жерлеріне қолданылмайды. Су қорғау аймақтарында кез келген құрылыс немесе жұмыс тек Су кодексінің 86-бабын сақтай отырып және бассейндік су инспекцияларымен келісілген жағдайда ғана жүргізіледі. Заң бұзылған жағдайда ӘҚБтК-нің 360-бабы бойынша айыппұл салынады және заңсыз құрылыстар мәжбүрлеп бұзылуы мүмкін.

Су қорғау аймақтары мен белдеулері – су ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғаудың табиғи қалқаны. Қазіргі уақытта өңірлерде бұл аймақтарды белгілеу, шекарасын нақтылау және шаруашылық қызмет режимін айқындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу